Кеше Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов ел ағаларымен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көшпелі отырыста өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, алға қойған жоспарлары талқыланып, ауыл үлкендерінің ұсыныстары тыңдалды. Ол - өнеркәсіптік әлеуетті толық пайдалану, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік, білім мен медицина саласына қатысты азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты секілді бірқатар мәселелер.
С. Трұмов өзінің алғы сөзінде ортақ мәселелерді шешу үшін осындай кездесулер өткізудің маңыздылығын атап өтті. Өйткені қоғамдық құрылыстың, экономика мен шаруашылықтың сан-саласында ұзақ жылдар елеулі еңбек етіп, бүгінгі таңда елдің тыныс-тіршілігінен қалыс қалмай, әлі де болса бойдағы күш-қуатын қоғам игілігіне жаратуды көздеген ақсақалдардың өңір дамуында алатын орны ерекше.
«Бүгінгі отырыстың маңызы зор. Өздеріңіз білетіндей, «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа моделі, өнеркәсіптік әлеуетті толық пайдалану, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік, білім мен медицина саласына қатысты азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты секілді бірқатар мәселелер бойынша жаңа мақсаттар мен міндеттерді айқындап, тапсырмаларын берген болатын. Сондықтан алға қойған міндеттерді ойдағыдай орындау үшін бүкіл қоғам болып жұмыла кірісуіміз керек», - деді С. Трұмов
Сондай-ақ облыс әкімі алдағы уақытта орындалатын жоспарларымен бөлісті. Дүниежүзілік пандемияға байланысты ел үшін маңызды бірқатар даталардың кейінгі мерзімге ауыстырылуға мәжбүр екенін атап өтті. Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанның бірқатар облысында коронавируспен сырқаттанғандардың саны күрт өскені байқалады. Сондықтан аймақта індеттің өршіп кетпеуі үшін сақтық шараларын ұстанып, жағдайға аса жауапкершілікпен қарау үшін халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін айтты.
Содан соң аймақ басшысы ел экономикасының өзін-өзі қамту деңгейін арттыруға бағытталған міндеттерге тоқталды. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағыты бойынша да кешенді жоспарлар іске асып жатыр. Ауыл шаруашылығында 14,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі - 101,1%. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мал саны 7,0%-ға өскен.
Бүгінгі таңда өңірде ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін 32 кәсіпорын жұмыс істейді. Осы жылдың бюджетінде ауылшаруашылық салаларын субсидиялауға 1,5 млрд теңге және «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде бюджеттік кредиттерге де қаржы қарастырылды. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту, жайылымдарды сумен қамту үшін 44 қазылған құдыққа субсидия берілді.
Сонымен қатар экономикалық проблемаларға қарамастан шағын және орта бизнесті қолдау үшін толассыз шаралар атқарылды. Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 51 млрд теңге сомасына 225 жобаға қолдау көрсетілді. 1 279 жаңа жұмыс орны құрылып, 3 064 жұмыс орны сақталды. Нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында 2-тоқсанда 17,6% өсіммен 692,6 млрд теңгенің өнімі шығарылды.
Ел Президенті «Құрылыс саласы – экономиканың басты драйверлерінің бірі болуы тиіс», - деген болатын. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 901,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Ақсақалдар да өз кезегінде ауыл шаруашылығын дамыту, жол құрылысы, жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге қатысты толғндырып жүрген мәселелерді ортаға салды. Оның ішінде медицина кадрларының жетіспеушілігі де бар. Өңір басшысы аталған мәселелердің барлығы назарда екенін айтты.