МО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Бердібек Саралтаевтың айтуынша, соңғы аптада Маңғыстау облысы репродуктивті көрсеткіш бойынша жасыл аймақта. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап хабарлайды.
27 қазан мен 2 қараша аралығындағы көрсеткіш бойынша өңірде 30 коронавирус инфекциясы және 13 пневмония белгісі бар науқас анықталды.
«Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты, карантиндік шараларды жеңілдету туралы қаулы шығардық. 2020 жылдың 27 наурызы мен 02 қараша аралығында 3 405 COVID -19 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 1 160 шағымы бар, 2 245 шағымсыз науқас анықталды. Аурушаңдықтың көрсеткіші - 479,0. Репродуктивті көрсеткіш - 1,0. Төсек қорының көрсеткіші - 33 пайыз. Осы уақытқа дейін 72 науқас короновирус инфекциясынан қайтыс болды. Ал 3 299 адам емделіп шықты», - деді Бердібек Саралтаев.
6 қазанан бастап Өзбекстан елімен «Тажен» автомобиль өткізу пункті арқылы облысқа 4 586 транзиттік автокөлік пен 52 жаяу жолаушы кірді. 32 азаматта ПТР анықтамасы бар болса, қалған 20 жолаушыда ПТР тесті жоқ. Тест сынамасы алынған 20 азаматтың ішінен 2 оң нәтиже анықталды. Екеуі де шағымсыз түрімен анықталуына байланысты үй карантиніне алынды.
Айта кетейік, Маңғыстауда 17 тамыздан бастап 24 мониторинг топ құрылған болатын. Олар осы уақытқа дейін 665 рейдтік тексеру жүргізді. Рейд кезінде 118 нысаннан заң бұзушылықтар анықталды, 57 әкімшілік хаттама толтырылды.