Бүгін Маңғыстау облыстық ауруханасының "В" блогында ем қабылдап жатқан 24 науқас, Ақтауда қаласындағы 1 "А" ш/а орналасқан жаңа модульдік стационарға ауыстырылды. Бұдан былай Covid-19 және пневмония диагнозы қойылған науқастар осында ем-дом қабылдайтын болады. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Инфекциялық бөлімшеде заманауи жасанды тыныс алу аппараттары, оттегі стансасы, биофильтрмен ағынды-сорғылы желдету жүйесі, арнайы көліктерді өңдеу және зарарсыздандыру стансасы бар.
Ақ халаттылар тұрғындарды әлеуметтік арақашықтықты сақтауға және бетперде тағып жүруді естен шығармауға шақырады. Қазір жағдай тұрақты болғанымен, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал бір сәтте тұрақсыз болып кетуі ғажап емес.
Еске сала кетейік, жаңа модульдік стационар 200 науқасқа шақталған. Бұған дейін кадрлық резерв және мамандардың біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылған болатын.