Медициналық мекемелер мен дәріханаларда екі жарым айға жететін дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Ол үшін жергілікті бюджеттен 450 млн теңге бөлінген болатын. Қорды одан әрі толықтыру мақсатында қосымша 245 млн теңге бөлу қарастырылып жатыр. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімдігі хабарлады.
«Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 23 медициналық нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы айдың соңына дейін жөндеу жұмыстары толық аяқталады. Сондай-ақ екінші толқынға 2 700 медициналық қызметкер келеді, оның ішінде 250 дәрігер бар. Медицина мамандарының жағдайы мен әлеуметік мәселелері пысықталды», - дейді қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Ақтауда 44 мобильді топ құрылды. Мобильді топтың мақсаты - науқастарды амбулаторлы жағдайда медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Сондай-ақ олар динамикалық бақылауды қажет ететін науқастарды үй жағдайында қадағалайды.
«Бүгінгі күні қолымызда 4 млн-ға жуық бетперде бар. Қосымша резервке 3 млн бетперде алынды. Қажет болған жағдайда дәріханалар арқылы арзан бағамен сатылады. Гриппке қарсы вакцинациялау шаралары да жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда егілуге тиіс70 мың контингенттің 98,4%-ы егілді», - деді қала әкімі.