Ақтау қаласында жаңа шағынаудандардың бой көтеруіне байланысты жаңа маршруттар ашу жоспарланып отыр. Осы мақсатта жаңа бағыттағы №1 және №8 қоғамдық көліктеріне конкурс жарияланды. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Конкурсқа тасымалдаушы мекемелер қатысып, жеңімпаз анықталып жатса, аталған жаңа бағыттағы қоғамдық көліктер желтоқсан айынан бастап іске қосылады. №1 автобус қаланың «Шығыс-1, 2, 3» шағынаудандарын қамтиды.
«Ал №8 қоғамдық көлігі қаланың 20 шағынауданынан бастап 17, 18, 18 а шағынаудандары арқылы қаланың орталық бағытына қарай қатынайды. Жалпы Ақтау қаласы бойынша жолаушыларды тұрақты тасымалдаумен 6 бағыттағы қоғамдық көлік қызмет атқарады. Олар № 2, 3, 4, 4М, 5, 7 барлық автобус саны 70 дана. Тасымалдаумен айналысатын 3 мекеме бар. Олар «Айна» ЖШС, «Жолаушы-Ақтау» ЖШС» және жеке кәсіпкер «Ш.Бекбаулов», - деді Н.Қилыбай.
Сондай-ақ 2021 жылдан бастап қаланың қоғамдық көлік автобустарында сараланған жолақы құнын (дифференцированный тариф) енгізу жоспарланып отыр. Яғни жолаушы электрондық карточка арқылы (валидатор) жолақы тарифін төлеген жағдайда 70 теңге болады. Ал қолма-қол төлеген жағдайда екі еселенген 140 теңге төлеуге міндетті.
«Бұл сараланған жолақы құны қазіргі таңда республиканың көптеген өңірлерінде қолданысқа енген. Сараланған тарифтің артықшылығы арқылы тасымалдаушы мекемелердің нақты жолаушы айналымын біліп отырамыз. Сол арқылы оларға қаржылай субсидия төлейміз және жолаушылардың жолақы төлеудің электрондық жүйесіне тез дағдылануына септігін тигзетін болады», - деді Н.Қилыбай.
Сонымен қатар жергілікті әкімдік түнде қоғамдық көліктер қызметін қосуды жоспарлап отыр.
«Болашақта сағат түнгі 2, 3- ке дейін жүретін автобустарды шығарғымыз келеді. Жоспарларымыз көп, күні ертең 20-шағынауданнан бастап жаңа №8 маршрутты шығарайын деп отырмыз. Бұл шағынаудан тұрғындарының көптен бері көтерген мәселесі болатын», - деді қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай.