Бүгін ҚР Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында республикалық «Менің туым!» акциясы басталды. Акция аясында Ақтау қаласындағы кей ғимараттар мен тұрғын үйлерге 74 мемлекеттік ту ілінді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен 4 шағынаудандағы «Астана» алаңына 18 мемлекеттік ту, Маңғыстау облысы әкімдігі ғимаратының алдына 6 ту ілінді. Содан соң 14 шағынаудандағы теңіз жағалауы мен 9 шағынаудан қиылысына да он шақты мемлекеттік ту орнатылды.
Сонымен қатар 20 шағынауданға, «Green Park» бұрылысында, қаладағы №3 орта мектеп, №12 және №1 жалпы білім беру орталықтарында көк туымыз желбіреп тұр. Сондай-ақ Теннис орталығы мен «Маңғыстау Арена» спорт кешенінің алдына да ту ілінді.
Акцияға Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығының жастары белсене қатысты. Олар «Green Plaza» тұрғын үй кешеніне 10 мемлекеттік туды іліп, арнайы бейнеролик түсірді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер Ақтау қаласы әкімдігінен алынды