Құрметті Ақтау қаласының тұрғындары!
Сіздерді 4 маусым - Қазақстан Республикасы рәміздері күні мерекесімен құттықтаймын!
Мемлекеттік рәміздер - еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін қасиетті белгілер. Халқымыздың өткені,бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың, ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағлымды тарихымыздың шынайы көрінісі.
Шұғылалы күн астында қалықтаған қыран бейнелі көк Ту еркіндікті сипаттаса, алтын қанатты қос тұлпар арасындағы шаңырақ - бірліктің бейнесі ретінде елімізді мекендейтін барлық халықтың ортақ қонысы екендігін білдіреді.
Тәуелсіздіктің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздерді қадірлеп,құрмет тұту - әрқайсысымыздың қасиетті борышымыз. Ел дербестігін бүкіл әлемге танытушы,халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын дәріптеп, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер жас ұрпағымыздың отансүйгіштік сезімін оятып, сенімін нығайтады.
Әр шаңыраққа құт-береке тілеймін,халқымыз аман, еліміз тұтас,көк байрағымыз биік болсын!
Мерекелеріңізбен!
Ізгі тілекпен,
Ақтау қаласының әкімі Ғ.Ниязов