Адайбек күн сайын мектепке барар жолда төрт тараптық қиылысты кесіп өтеді. Жол ережесін жақсы білетін балаға жолдан өту қауіпті емес, ол үшін тек қапталда тұрған бағдаршамға қараса жеткілікті. Оның сары көзі жанғанда ағылып келе жатқан көлік жүргізушілері тізгін тартып, кідірістей береді. Іле көк шамы жарқ ете қалып, жаяу жүргіншілерге кезек тиеді. Осы мезетте жолақ жолдан сапырылысып бара жатқан көптің арасымен Адайбек те жүгіріп өте шығады.
Жолдан өтер жердегі ашық алаңда биік ту тұғыр тұр. Айналасы әсем гүлдер, жан-жағы әшекейлі темір шарбақпен қоршаулы. Жел бағытымен созалаңдай сатырлап тұратын көк тудың жанынан өткенде бала оған қайырылып бір қарамай өткен емес. Ұзын темір сырықтың басына бекітілген аспан түстес алып жалау таңертеңгі уақытта теңізден соққан салқын желмен толқындана тербеледі.
Кәдімгі орта тұсында алтын түсті күн мен қалықтай қанат қаққан қыран суреті бар Қазақстан туы. Көк туды көргенде Адайбектің көкірегін қуаныш кернейді. Қуаныш қуатымен жүрегіне құйылған ерік-жігер бойын биіктетіп жібергендей мойнын туға қарай соза түседі.
Қандай керемет! Міне, төбеңдегі көгілдір аспанмен астасып кеткендей алып ту теңіз беттен ескен ерке самалмен шалқи желбіреп тұр. Сол туға қайта-қайта қарай берген бала әкесінен:
- Туды неге бұл жерге қойған?-деп сұрап еді.
- Бас аяғыңды, жұмысқа кешігетін болдым,-деп сұрағын елеусіз қалдырған әкесі әдеттегіше асықтыра жөнелді. Ал баяу тербелген көк туды көрген сәтте баланың кішкентай жүрегі тағы толқи бастады. Толқығаны соншалық, бойын билеген бір құдыреттің әсерінен аяғы алға қарай жылжымай қойды.
- Болсайшы, бас аяғыңды!
Әкенің қатқыл даусы естілгенде, ол еріксіз орнынан қозғалды.
Сабақтан шығып, күндегі жолымен үйіне қайтып келе жатып, тудың қарсы бетінде біраз аялдаған. Ту тұғырлы алаңда бір топ әскери адамдар дайындық жасап жүр екен.
- Туға қарап сап түзе!
Сарбаздар бір сызықтың бойына сымдай тартылып қатты да қалды.
Әнге бас!
- «Көк тудың желбірегені – қазақтың асқақ беделі!»
Таныс әуен көкке шарықтап, көгілдір ту қырандай қалықтап, сап бастаушы бір топ сарбазын соңынан шұбыртып, сарт-сұрт адымдап жүре бастады.
«Бедел дегені не екен?» Балаң ойының өрісі осы тұсқа тірелгенде бір тұжырымға келе алмаған Адайбек анадайда қыдырыстап жүрген бурыл сақал қартты көріп, қасына барды.
- Ассалаумағаликум!
- Уағаликүмассалам, таудай жігіт бол!
- Ата, сізден бірдеңе сұрауға бола ма?
- Сұрай ғой.
- Бедел деген не?
- Бедел?!
- «Көк тудың желбірегені – қазақтың асқақ беделі!» деген өлеңді естіп пе едіңіз?
- Естігенде қандай?
- Сондағы бедел деген сөздің мағынасын түсіне алмай келемін...
- Ә,ә... Әр мемлекеттің өз жалауы болатынын білесің ғой?
- Білемін.
- Жалауды қай кезде биікке көтеретінін білесің бе?
- Жауды жеңгенде... Спортшылар жеңіске жеткенде...
- Е, дұрыс, дұрыс-ақ. Әр елдің туы сол елдің жеңісінің және абырой-беделінің белгісі! Ал тудың жоғары көтерілуі - елдің абыройы асты, беделі биіктеді деген сөз. Ұлы Жеңіс туын Рехстаг төбесіне тіккен қазақ батырын білесің бе?
- Рақымжан Қошқарбаев!
- Әй, жарайсың!
Спортшылар да шаршы алаңға шыққанда елдің намысын қолдан бермеу үшін жарысқа барын салып, өз елінің абыройын қорғап, беделін көтеруге талпынады. Түсіндің бе енді?
- Түсіндім.
- Алдымен елдің беделін биіктететін сен сияқты талапты жастары. Жеткіншек жастың намысы биік, талабы таудай болса, ол өз елінің жалауын әрдайым жоғары ұстайтын болады.
Ердің беделі – елдің беделі! Еліміздің әрбір азаматы бүкіл қазақтың көк туын дүйім жұрттың төбесінде желбірете алса, одан артық қандай бедел керек?
Елдің намысы мен тәуелсіздігі жолында талай боздақ қыршын кетті. Қырғын соғыста қаншама ерлер халықтың бейбіт таңы үшін шыбын жанын пида етті. Елінің туын жықпау үшін талай батырлар ғазиз басын құрбандыққа шалды. Міне, нағыз отансүйгіштік дегеніміз осы, қарағым! Шындығында, адамға өз елінен, жерінен – Отанынан қадірлі ештеңе жоқ!
Осы кезде қарттың сөзімен қанаттанған жас ұлан:
- «Таласқа түссе, жан мен ту, жан емес маған керегі, көк тудың желбірегені!..» деп әндете шырқап қоя берді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ