Маңғыстауда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысымен және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Жыр мектебі — ұлттық тәрбиенің тамыры» атты жоба басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Бала жолы» қоғамдық қорының директоры Таңат Жолдыбаев айтуынша, аталған жобаның негізгі мақсаты – өңіріміздегі кемінде 50 жыршы, жыраудың кәсіби біліктілігін арттыру. Жоба жұмысын орындау үшін қоғамдық қор бірқаттар міндеттерді жүзеге асыруды көздеп отыр.
- Соның бірі Маңғыстау облысында кемінде 5 жыршының және еліміздің өзге өңірлерінен кемінде 5 жыршының қатысуымен жас жыршылардың республикалық шарасын ұйымдастырғымыз келеді. Онымен қоса, Маңғыстау облысының мақамшы-сазгерлері каталогын әзірлеп, басып шығаруымыз қажет. Сондай-ақ елімізге танымал жыршылар арқылы жас жыршыларға шеберлік сағатын өткізіп, жыршылықтың кейпі, жыр күйлері және мақам-саздар, жыр саздарының түрлері мен қайырма, қайырымдары атты шеберлік сағаттарынды ұйымдастастыруды жоспарлап отырмыз,- деді Таңат Жолдыбаев.