© ашық дереккөзден алынды
Ақтау қалалық сотында М.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен М.-ға ҚР ҚК-нің 114-бабының 3-бөлігімен, яғни абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтiргені үшін айып тағылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Cотталушы М. 17 сәуір күні сағат 18.00 шамасында 6 шағын аудандағы №36 үйдің жанында, жаяу жүргіншілерге арналған жолақта, электрлік скейтбордпен техникалық талаптарды сақтамай, кәмелет жасқа толмаған баланы қағып, нәтижесінде оның денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтiрген», - деп хабарлады Ақтау қалалық соты.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің және кінәні мойындау туралы сотталушының жауаптарымен, өзге де іс-құжаттарымен дәлелденді.
Сонымен қатар, сотта жәбірленушінің заңды өкілінің сотталушыны заңға сәйкес қатаң жаза қолдануды, себебі жәбірленушінің жабық бассүйек-ми жарақаты, күмбез сүйегінің сынуы, ми шайқалу жарақаттары келгенін, пікірі ескерілді.
«Сот М-ге жаза тағайындау барысында қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жай ретінде оның кінәсін мойындап, шың көңілімен өкінетінін, ал жазаны ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін ескеріп, сотталушы М.-ды ҚК-тің 114-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады», - деп жазылған хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.