11-12 наурыз күндері Ашхабад қаласында түркі елдері ұйымының ақсақалдар кеңесінің мәжілісі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Іс-шараға осы елдің бұрынғы Президенті, бүгінде халық мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердимухамедов басшылық етті. Жиналысқа Қазақстан делегациясы атынан түркі елдері ұйымының ақсақалдар кеңесінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері Икрам Адирбеков, ҚР ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, тарих ғылымдарының докторы, ҚР педогогика ғылымдары академиясының акадамигі Өмірзақ Озғанбаев, ҚР Ұлттық ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп, ҚР мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «құрметті профессоры», Қазақ Ұлттық өнер университиетінің доценті Амандық Көмекұлы және Маңғыстау өлкесінен облыстық ардагерлер ұйымы төрағасы Серікбай Төлетов пен Жаңаөзен қаласы ардагерлер ұйымы төрағасы Жүзбай Күмісбаев қатысты.
Ауқымды жиын барысында Өмірзақ Озғанбаев өз ойын былай деп ортаға салды: «Шығыс елдерінде ақасақалдар қай заманда да беделді болған, олардың пікірлерімен хан да, қара да санасқан. Бүгінгі таңда түрік елдері ақсақалдары тұрақты ұйым құрып, жаңа заманның толғақты толқындарына жауап берер тұлғаларға айналды».
Өмірзақ Озғанбаев өз сөзінде Маңғыстау халқының өзекті мәселелерін тілге тиек етті.
«Ағайындардың түрікмен жерінде тұратын туысқандарымен араласуы, осы елде қалған әке–шешесі, ата–бабаларының басына барып, құран бағыштап, ас беру, зиярат етуі сияқты қатынастардың қажеттілігі туындап тұр. Кейде аяқ астынан шыққан шұғыл шаруаларға барып қатысу қажет болады. Тағы бір мәселе - екі елді байланыстыратын теміржол бар, ал енді автожол екі мемлекет арасына қажет-ақ», - деді.
Г.Бердімұхамедов бұл мәселені мүмкіндігінше оң шешуге уәде берді. Сонымен қатар екі ел арасында достық, бауырластықты одан әрі өрістетіп, Жаңаөзен–Бегдаш тас жолын аяқтау қажеттілігін айтты.