Наурыз мерекесі қарсаңында «Қаражанбасмұнай» АҚ Бу өндіру цехының 5-разрядты мұнай қабаттарына бу айдау жөніндегі бу генераторлық қондырғысының машинисі Бейбіт Тілегеннің шығармашылық туындылары көпшіліктің назарына ұсынылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қаражанбасмұнай АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бейбіт бала кезінде бейнелеу өнері бойынша білім алған. Кәсіби мұнайшы болғанымен, қылқалам мен майлы бояуды серік етіп келеді. Жұмыстан бос уақытында кенепте туған жерінің сұлулығын бейнелеп, ежелгі қазақ аңыздарының кейіпкерлерін өмірге әкеліп, сурет салу құралдарын жанынан тастамайды.
Ол қиялында елестеткен кез келген көрініске жан бітіріп, картинаға айналдырады. Суретші бейнелеудің әртүрлі бағыттарында қылқаламын еркін сермейді, өз еңбектерінде дәстүрлі бейнелеу мектептерінің авангардтық және классикалық әдістерін түстерді сезіне отырып сәтті үйлестіреді.
- Бейнелеу өнері ерекше көзқарасты, ұшқыр қиялды, талғампаздық пен тиянақтылықты талап етеді. Мен үнемі назарыма іліккен әдемі көріністі жадымда сақтап, тың туындыға айналдыруға тырысамын, - дейді Бейбіт Тілеген.
Оның көпшілікке ұсынылған туындылары — мұнайшылардың да, кәсіби өнер сыншыларының да жоғары бағасына ие болып келеді. Бейбіттің картиналары түрлі республикалық байқауларда қазылар алқасы тарапынан үнемі жоғары бағаланып, жүлделі орындар алып келеді. Қордың 15 жылдығына орай «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобының қызметкерлері арасында өткен жылы ұйымдастырылған таланттар байқауында суретші «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.