6-9 шілде аралығында мемлекеттік комиссия жұмыс тобының Маңғыстау және Атырау облыстарына барды. Нәтижесінде 3 шілдеде болған оқиғалар тізбегі толығымен қалпына келтірілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сонымен қатар Батыс өңірі энергожүйесінің жай-күйіне жан-жақты талдау жасалып, АМӨЗ-ді электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі бөлек қаралды.
- Болған жағдай Батыс өңірдің энергожүйесіндегі теңгерімді болжау және жөндеу схемаларын жоспарлаудағы кемшіліктердің барын айғақтайды. ҚР Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Батыс аймағындағы электр желісін күшейту жобасын іске асыру созылып кеткен. Атырау және Маңғыстау облыстарындағы өңірлік стансаларда, бірінші кезекте МАЭК-те апат қаупі жоғары екендігі анықталып отыр. Станса жабдықтарының әбден тозығы жеткен, - деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Мемлекеттік комиссия отырысында «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің жаңа бу-газ жылу стансасының жұмысына қатысты сұрақтар қойылды. Атырау мұнай өңдеу зауытының сыртқы электрмен жабдықтау схемасында айтарлықтай ақаулар бар екендігі сөз болды.
Аталған апаттар шеңберінде лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін анықтау жұмыстары жалғасуда.
Бұл ретте алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау үшін бірқатар жүйелі проблеманы шешу жоспары әзірленді. Атап айтқанда, МАЭК-ті жаңғырту мен күрделі жөндеуді, БЭЖ-дің Батыс аймағының электр желісін күшейтуді, АМӨЗ-де қуаттылығы жоғары жеке энергия көзін салуды, Батыс аймақты ҚР БЭЖ-бен байланыстыруды көздейді.
Премьер-Министр апаттардың мән-жайын толық анықтау бойынша жұмысты жалғастыруды және келешекте олардың алдын алу шараларын егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.