Бүгін ел бойынша ЖОО-да білім беру гранттарының конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау басталды. Ол 20 шілдеге дейін жүргізіледі, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Талапкерлер өтінішін онлайн да, офлайн да тапсыра алады.
Биыл құжаттарды қабылдау еGov арқылы онлайн форматта немесе жоо-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта жүзеге асырылады. Сондай-ақ ЖОО-да виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейтін болады. Құжаттарды қабылдау кез келген ЖОО (орналасқан жері бойынша) арқылы орындалады.
«Биыл бакалавриатқа түсу үшін 73 мың грант бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60%-ы техникалық мамандықтарға бөлінді. Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 18 744 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 7 388 грант тиесілі. «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. Сонымен қатар биыл халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.