Ақтауда ақын, сазгер, «Жаңа өмір», «Маңғыстау» газеттерінде ұзақ жыл еңбек еткен журналист Бірғали Байекеевтің шығармашылығына арналған «Аңсау» атты кеш өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кешті «Сөз бен саз» бағдарламасы мен
«Маңғыстау» газеті бірлесе ұйымдастырды.
Кеште Самат Шаухаров, Фатима Біләл, Байғабыл Бірғали, Ақжарқын Бірғали, Рысгүл Байекеева, Ақпанар Түметова, Бахтияр Жаңабергенов, Айдос Тілеубаев, Серік Шалқиев, Жасұлан-Еламан Жолдыбаевтар, Есбол Қанатұлы, Тыныштық Ғазизмәлік, Жанна Байекеева, Мейрамгүл Жаңабергенова, Әбубәкір Нұрниязовтар өнер көрсетті.
Кештің құрметті қонақтары: Атыраудан Самиғолла Исағалиев және Ақтөбеден Үмітжан Мақсатқызы. Концертті Бердіхан Әлмен жүргізді.
Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын Бірғали Байекеев 1953 жылы Маңғыстау ауданының Шайыр ауылында туған. Шайыр ауылындағы орта мектепті бітірген соң, Қазақтың Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1981 жылы тәмамдады.
1972–1983 жылдары Маңғыстау, Бейнеу аудандық газетте әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, «Маңғыстау» облыстық қоғамдықсаяси газетінің меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарды.
Бірғали Байекеевтің сөз өнеріндегі өрнегі ешкімге ұқсамайды. Хас таланттарша ақ қағаздың бетіне өз айшығын айнытпай түсіреді. Оның мақаладан бөлек, мақал-мәтел, нақылға айналған құбыла сөз (афоризм), нақыл сөз, қанатты сөз, ой-толғам, өлең, ән мәтіні – соның айғағы.
Бірғали Байекеевтің шығармашылығы мен бейнелеу өнеріне қосқан үлесі туралы «Маңғыстау» газетіндегі Үміт Жәлеке мақаласында жан-жақты жарияланған.