Облыста қоғам белсенділері мен Полиция және Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері теңіз жағалауындағы демалушыларға судағы қауіпсіздікті сақтау мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Іс- шараға облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның және облыстық аналар кеңесінің мүшесі Анар Шамшадинова, облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Роза Махамбетова, облыстық аналар кеңесінің мүшесі Алтын Сақтағанова қатысты.
- Суға шомылу маусымында қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында бүгінгі рейдті комиссия мүшелерімен ұйымдастырып отырмыз. Ата-аналар мен балаларға ескертулер жасадық. Халықтың бас амандығы әрдайым біз үшін бірінші орында. Балаларды жалғыз, қараусыз қалдырмайық. Тиым салынған жерлерге түспеу қажет. Өйткені от пен су бұл тілсіз жау, - деді Анар Шамшадинова.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Бектас Мұратов сенбі күні кәмелетке толмаған екі бала жоғалып кейін ТЖД қызметкерлері көмегімен табылғанын айтты. Статистика бойынша ағымдағы жылы 6 бала суға батқан. Оның ішінде 2-еуі кәмелеттік жасқа толмаған бала.
- Суға бату фактілері жабдықталмаған орындарда көбірек кездеседі. Тиым салынған орындарда суға түскен жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Судағы қауіпсіздік ережелерін кез-келген жерде сақтау қажет. Айта кетсем, күнделікті теңіз жағалауында ТЖД 9 мобильді қызметкері кезекшілік атқарады. Ал демалыс күндері 17 мобильді қызметкерге дейін күшейтіледі,-деді Бектас Мұратов.