Маңғыстау ауданындағы М. Атымов атындағы №6 мектеп еліміздегі ең үздік ауыл мектептерінің тізіміне енді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мектеп ең алғаш 1992 жылы пайдалануға берілген. Ал 1997 жылы филология ғылымының докторы Мекерия Атымов аты берілді. Қазіргі таңда 1-11 сыныптар бойынша 604 оқушы білім алуда. Мектепте 86 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде педагог - зерттеуші-23, педагог-сарапшы-18, педагог-модератор-19 мұғалім бар. Педагогтардың білімі жөнінде айтар болсақ, 3 мұғалім-магистр, 77 мұғалім жоғары білімді, 6 мұғалім-арнаулы орта білімді.
- Мектебіміз республика бойынша «Үздік ауыл мектебі» қатарына қосылуы біз үшін үлкен жетістік және өте қуанышты жаңалық. Мектебіміздің тарихында алғашқы рет осындай жетістікке қолжеткіздік. Оқушыға сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісін жаңа талап тұрғысынан оңтайландырып, әрі қарай жұмыстана бермекпіз. Шәкірт жетістігі-ұстаз мерейі. Осы орайда өзімнің әріптесім Құрашова Алмажан Өтесбайқызына алғысымды айтқым келеді. Мектебіміздің осындай керемет жетістікке жетуіне бірден -бір себепші болып отырған ұстаз. Бұл жетістік бізге шабыт сыйлады. Әрі қарай еңбек етуге жігерлендірді Мектебімізде әлі де талай дарынды оқушыларымыз бар. Зор үміт артамыз, -деді «Мекерия Атымов атындағы №6 жалпы білім беретін мектеп» КММ-нің директоры Айтбибі Ұлықманова.
Айта кетсек ауыл балаларына арналған «Ауыл олимпиадасы» 2023 жылдан бастау алды. Олимпиаданың облыстық кезеңінде орыс тілі пәні бойынша 10-сынып оқушысы Жанбота Мақсат 3-орын алып, қола медаль иегері атанған. Ал қазақ тілі пәні бойынша 10-сынып оқушысы Дидар Биғали 3-орын, қола медаль иегері, физика пәнінен 9-сынып оқушысы Назипа Жолдас 4-орын дипломымен марапатталған.
2023-2024 оқу жылы бойынша Ауыл балаларына арналған «Ауыл олимпиадасының» республикалық кезеңі бойынша қазақ тілі пәнінен 1-орынды «Алтын алқа» иегері Нұрсәуле Жүсіп иеленді. Нәтижесінде ол Халел Досмұхамбет атындағы педагогикалық университетінің грантын ұтып алған. Биыл Нұрсәуле Ұлттық біріңғай тестілеуден 137 балл жинап, ұстаздарын тағы да қуантқан. Сонымен қатар мектеп түлегіне «Үздік ауыл мектебінің оқушысы-2024» атағы берілген.