Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық волонтер күнімен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
– Бүгін – Халықаралық волонтер күні. Біз өзгеге қол ұшын беретін жандарды әрдайым құрметтейміз. Еріктілер мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тілектестік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. «Адал азамат» тұжырымдамасының тірегі – осы мызғымас құндылықтар. Қоғамға пайдалы іс-шараларға атсалысатын, қайырымдылық жобаларын жүзеге асыратын және мұқтаж адамдарға қамқорлық танытатын барша азаматтарға алғыс айтамын. Сіздердің жасампаздыққа толы қызметтеріңіз – шынайы отаншылдықтың көрінісі. Мемлекет волонтерлерге қолдау көрсете береді, – деп жазды Президент Қ. Тоқаев өзінің твиттер парақшасында.
Айта кетейік, БҰҰ Бас Ассамблеясының бастамасымен 1985 жылдан бастап 5 желтоқсанда волонтерлердің халықаралық күні атап өтіледі. Бүгінде біздің елімізде де волонтерлар саны артты. Белсенді азаматтар мен бастамашыл топтар бірігіп қоғамдағы өзекті тақырыптар мен адами құндылықтарды дәріптеп жүр.