Қарағандыда дәріге аллергиясы бар 40 жастағы азамат дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты patriotkaragandy-ға сілтеме жасап.
Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасында дәрігерлер науқастың ескертуіне назар аудармай, ине салған. Салдарынан науқас анафилактикалық шок алып, көз жұмды.
Марқұм Төрежан Мақашевтың туыстары оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Олар оқиғаға кінәлі дәрігерлерді жауапқа тартуды сұрап отыр.
- Мемлекеттік қызметтер порталы арқылы ағам жоспарлы түрде қаралды. Оған геморройды алып тастау үшін ота жасау керек еді. Ол ешқандай асқынусыз геморройды алып тастау үшін әдеттегі операция жасатуы тиіс болған. Дәрігерлерге Цеф-3 препараты мен новокаинға аллергиясы бар екені айтылды. Дәрігерлер оның білегіне осы препараттарға аллергияның бар-жоғын білдіретін арнайы көк жапсырмалары бар білезік те тақты. Бірақ неге екенін, медбике Цеф-3 инъекциясын салған. Төрежан бірден қызарып, тұншығып, кенеттен қайтыс болды. Реанимациялық шаралар көмектеспеді,- дейді Төрежанның ағасы Арман Мақашев.
Оның артында әйелі мен үш баласы қалған. Төрежанның туыстарының айтуынша, геморройды алып тастау операциясы тіпті басталмаған.
Қазір дәрігерлердің салғырттығына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жарияланымға қатысты Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының өкілдері жауап берді. Ауруханадағылар қайтыс болған науқастың туыстарынан кешірім сұрады.
- Анафилактикалық реакцияның дәрежесі өте ауыр болды. Тексеру кезінде ақаулар анықталды. Атап айтқанда, жедел жәрдем дәрігерлері, проктология бөлімшесінің меңгерушісінің міндетін атқарушы және медбикенің аллергологиялық анамнезді дұрыс жинамағаны анықталды,- деп түсіндірді Қанат Абзалиев.