Жас мамандар «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша тұрғын үй сатып алу үшін 7 млн теңгеден астам бюджеттік несие ала алады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Ауылдық жерлерде кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында 2009 жылдан бастап Ұлттық экономика министрлігі «Дипломмен ауылға» жобасын іске асыруда.
Аталмыш бағдарламаға келесі салалардағы мамандар қатыса алады: денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері.
Әлеуметтік қолдау шаралары:
- 100 АЕК (345 мың теңге) мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы төлеу;
- Тұрғын үй сатып алуға жылдық кредит сомасынан 0,01% мөлшеріндегі сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға 1500 АЕК-ке (5,2 млн.теңге) дейін бюджеттік кредит беру.
2009-2022 жылдар аралығында 95 мыңнан астам маман 17 млрд. теңге сомасына көтерме жәрдемақы алды. 45 мыңнан астам маман тұрғын үй сатып алу үшін 142,5 млрд. теңге сомасына бюджеттік кредиттер алды
2023 жыл 3,6 мың маманға тұрғын үй сатып алу үшін 18,6 млрд теңге қарастырылды.
Биылғы жылдың сәуір айынан бастап «Отбасы Банкі» жоба операторы болып тағайындалды. Бағдарлама цифрлық форматқа ауыстырылды. Өтінімдер Баспана маркет жылжымайтын мүлік порталында https://otbasybank.kz/programm-bank/ онлайн режимінде қабылданады.
Биыл әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшеріне өзгерістер енгізілді. Мәселен, 2024 жылдан бастап аудан орталықтарына жұмыс істеуге келген мамандар үшін бюджеттік кредит көлемі 2 500 АЕК-ке (9,2 млн теңге) дейін ұлғаяды немесе ауылдық елді мекендер үшін 2 000 АЕК-ке яғни 7,3 млн теңгеге дейін өсетін болады.