Қатерлі ісік ауруына қатысты зерттеу жұмыстары әлемдік әрі отандық ғалымдар үшін жетекші сала болмақ. Қатерлі ісікті ерте сатысында анықтайтын скрининг дерттің дендеуіне тосқауыл болып, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Осы орайда оқырмандар назарына елімізде және шетелде обыр ауруын емдеу құнына қатысты деректерді ұсынуды жөн көрдік, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінің мәліметінше, өңірде онкологиялық аурулардың өсуі байқалады. 2022 жылы 1000 жағдай анықталса, 2023 жылы 1043 жағдай тіркелген.
Сүт безі қатерлі ісігі облыс халқының арасында ең жиі кездесетін ауру. Биыл қатерлі ісіктің бұл түрі бойынша 129 жағдай тіркелген. Жатыр мойны обыры бойынша 70 жағдай, колоректальды қатерлі ісік 95 жағдайда анықталған.
Маңғыстау облысында 2023 жылғы дерек бойынша онкологиялық есепте барлығы 5,5 мың науқас тұр.
Сондай-ақ, өңірдің тұрғындары үшін қатерлі ісікті анықтау бойынша скринингтің үш түрі тегін жүргізіледі, олар барлық емханаларда қолжетімді. Сүт безі қатерлі ісігінің скринингінен 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер 2 жылда 1 рет өте аладв. Жатыр мойны обыры скринингі 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер үшін 4 жылда 1 рет, колоректальды қатерлі ісік скринингі 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер үшін 2 жылда 1 рет жүргізіледі.
Айта кету керек, скринингтен өту үшін тұрғылықты жері бойынша емханаларға жүгіну қажет.
Ал, шетелде емделу Қазақстанға қарағанда әлдеқайда қымбат. Мысалы, Германияда $1040 бастап, Израильда 6 620$, Түркияда 6 600$, Испанияда 520$ бастап, Оңтүстік Кореяда 5 540$ бастап, Украинада 5 520$, АҚШ-та 6464$ бастап ем жүргізіледі.
Бұл бағалар ru.bookimed.com. сайтынан алынған.
Қазақстандық дәрігерлер онкология диагнозы қойылған пациенттерді емдеу хаттамасы өзгеріссіз қалады дейді. Бүгінде науқастар жарнамаға сеніп, өзге елде емделу тиімдірек деген ой түйеді. Алайда, кейде олар негізсіз дәрі-дәрмектер мен ем-дом шараларын ұсынған кезде алданып қалып жатады.
- Қатерлі ісіктерді емдеу бүкіл әлем бойынша бірыңғай халықаралық хаттамаларға сәйкес жүргізіледі. Қолданыстағы бірыңғай емдеу стандартының арқасында пациенттер Қазақстанда да, шетелде де бірдей ем алады. Жаңа медициналық 1 жабдық алдымен шетелде пайда болса да, уақыт өте бізге де келеді. Бүгінгі күні емдеу үшін шетелге барудың қажеті жоқ, өйткені бізде керекті жабдықтар бар. Клиникалық және диагностикалық зерттеулерді, соның ішінде әртүрлі талдауларға арналған зертханаларды және қымбат диагностикалық процедуралардан тегін өту мүмкіндігін жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалған. Медициналық жүйе шеңберінде «онкологиялық бағдарлама» арқылы қызметтер әрбір емханада қолжетімді. Шетелде көп нәрсе уәде етілсе де, бұл көбінесе пайда табуға бағытталған жарнама. Сапарға қымбат уақыт пен ақшаны жоғалтпау керек, әсіресе ауру асқынған болса, - дейді Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансері директорының орынбасары Ерхан Абитаев.