Бүгін Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен жылу беру маусымының қорытындысы мен алдағы кезеңге дайындық барысы талқыланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жергілікті жерлерде әкімдердің жұмысын көріп отырмыз. Мысалы, Маңғыстау облысында МАЭК-тің 2-ші Жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары 8 қаңтардан бері әлі күнге дейін басталған жоқ. Ұлытау облысы да Жезқазған Жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге кіріскен жоқ.
Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақылауға алу керек. Сонымен қатар елімізде жылу энергиясы өте көп ысырап болады, ол кейбір өңірлерде 20%-ға дейін жетеді. Бұл жылу мен энергияны үнемдеу тәсілінің дұрыс емес екенін көрсетеді. Бізде «Энергияны үнемдеу туралы» заң бар және барлық талаптар бекітілген. Олардың сақталуын қатаң бақылау қажет. Мен өңірлерге сапарым кезінде Президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзім тексеретін боламын. Жылу орталықтарын, қазандықтар мен жылу және электр желілерін қалыпты жағдайға жеткізу керек. Әсіресе, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге баса көңіл бөлу қажет», — Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов
Бұл ретте Үкімет басшысы жылу электр орталығын уақытында жөндеуден өткізбеген меншік иелері мен әкімдіктерге шара қолданылатынын атап өтті.
«Олжас Бектенов: ЖЭО жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталмаса, меншік иелері мен әкімдіктерге шара қолданылады
«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы алдымен апатты жағдайда тұрған 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Энергетика министрлігі әр объект бойынша маған апта сайын баяндап отыруға тиіс. Бекітілген мерзімдерді өзгертуге болмайды.
Қыс бойы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болған Кентау мен Степногорскідегі және МАЭК пен «Топар» ГРЭС-індегі сияқты күрделі жағдайға жеткізбеу қажет. Жаз айларында күшейтілген режимде жұмыс істеу керек. Егер жұмыстар мерзімінде аяқталмай, сапасы төмендеп кететін болса, онда меншік иелерімен қатар, әкімдіктерге қатысты да шаралар қабылданатын болады», — деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.