© Скриншот
Маңызды жоба аясында мектептердің орналасу орны мен толтырылуы туралы мәліметтерді, сондай-ақ өзекті сұрақтарға жауаптарды «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының ресми парақшасынан көруге болады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бірыңғай операторына сілтеме жасап.
Кең көлемдегі мәлімет https://jaily-mektep.kz/#about сайтында қамтылып отыр. Онда үш деңгейлі үлгіде мектептің ішкі құрылысы, сыныптардың, асхананың, спорт залдарының, дәліздің орналасуы көрсетілген. Көріністер барынша шынайы болғандықтан мұнда интерьер дизайнын, жиһаздарды, безендірілуін тамашалауға болады. Бұдан басқа кері байланыс нысаны арқылы кез-келген сұраққа жауап беріліп отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен апаттық жағдайдағы және үш ауысымды мектептерді жою мақсатында Қазақстанда «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында 740 мың орынға арналған 369 жаңа форматтағы мектеп салынады. Оның ішінде 217 білім ошағы жылдың соңына дейін пайдалануға берілсе, қалған 152 мектептің құрылысы 2025 жылы аяқталады.
Еліміздің оқу-ағарту министрлігімен заманауи эргономикалық және қауіпсіз білім беру ортасын құру мақсатында қажетті нормативті құқықтық база әзірленіп, мектеп құрылысы кезіндегі талаптар белгіленген болатын. Сонымен қатар, болашақ жайлы мектептерде оқу процесін тиімді ұйымдастыру және оны сапалы кадрлармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.