Бұл сауалды Энергетика министрі Болат Ақшолақовпен өткен брифингте журналистер қойды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстауда мұнай өңдеу зауытын – кен орындарына жақынырақ салу қажеттілігі туралы мәселе сонау 2015 жылы, тіпті одан әлдеқайда ертерек – өткен ғасырдың 80-жылдары көтерілген болатын. Алайда тек сұрақ ретінде ашық қалды.
Осы жолы Энергетика министрі Маңғыстауда мұнай өңдеу зауытын салу тиімсіз екенін атап өтті. Қазір Қазақстанда 3 мұнай өңдеу зауыты бар: Атырауда, Павлодарда және Шымкентте.
«Экономикалық тұрғыдан алғанда, аймақ біраз жабық және ол аймақтан республика бойынша жанар-жағармай тасымалдаған кезде бүкіл темір жолдың уақытын алады. Логистикалық тұрғыдан бұл өте қиын. Айталық, Атыраудан пойыз 4-5 күнде келеді. Ал Маңғыстаудан оңтүстік және шығыс аймақтарға дейін ұзағырақ болады. Белгілі бір аймаққа мұнай құбырын тартып, сол жерде мұнай өңдеу зауытын салу оңай әрі үнемдірек. Оның үстіне Қазақстанда мұнай құбырлары жүйесі дамыған. Бірақ Маңғыстауда шағын мұнай өңдеу зауытын салуға болады», – деді Энергетика министрі.