Үкіметтің «ҚР-ның аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» қаулысына сәйкес 2024 жылғы 1 наурыз сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай сағаттық белдеу белгіленеді (UTC+5).
Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының әкімдіктері 29 ақпаннан бастап 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат кейінге шегереді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Айта кетейік, елде уақытты есептеу мәселелері бойынша жұмыс тобына кірген қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар Бірыңғай уақыт белдеуін құруды ұсынды.
Жұмыс тобы 2023 жылдың сәуір айында қазақстандықтардың неғұрлым қолайлы уақыт белдеуіне көшу туралы бірнеше рет өтініштеріне байланысты құрылды. Оған ғылыми институттардың, медициналық жоғары оқу орындарының, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары және т. б. кірді.
Жыл бойы медицина, физиология, география, метрология сияқты түрлі бағыттарды ұсынатын жұмыс тобының мүшелері Қазақстан аумағында қолайлы уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеді.
Жұмыс тобының қатысушылары UTC+5 Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу Қазақстанның көптеген өңірлері шынайы(табиғи) уақытқа барынша жақын уақытты пайдаланатын ең дұрыс және оңтайлы нұсқа болып табылады деген пікірге келісті.
Бұл ретте жұмыс тобы халықаралық тәжірибені зерделеді, нәтижесінде бірыңғай уақыт белдеуі әлемнің 175 елінде қолданылатындығы анықталды, ал бірден көп уақыт белдеуінде небәрі 22 мемлекет тұрады.