2023 жылдың 23 қаңтары мен 26 наурызы аралығында еліміз бойынша 69 мыңнан астам көлік заңды тіркеуден өтті. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ведомствода өткен брифингте атап өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасай отырып.
"Оның 67 пайызы Ресей Федерациясынан (46 592 автокөлік), 19 пайызы Армениядан (13 424 автокөлік), 10 пайызы Қырғызстаннан (6 788 автокөлік), 2 пайызы Грузиядан (1 296 автокөлік)- деді Қайсар Сұлтанбаев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ІІМ Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Онда "автоқұрылғылар" деп аталатын, яғни қосалқы бөлшектер ретінде әкелінген автомобильдерді заңдастыру шарттары айқындалған.
"Жоба жария талқылаудан өтті, қазір біз оларды қорытындылап, содан кейін жобаны мемлекеттік органдарға түпкілікті келісуге жібереміз және оны Үкіметке енгіземіз", - деп атап өтті комитет төрағасы.