Қазақстанда алдағы уақытты балабақшаларға кезекке тұрудың бірыңғай жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Бұл бюджет қаражатын үнемдеу және орындарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда екінші деңгейлі банктер қосымшалары мен ЕGov арқылы кезекке тұру және тиісті жолдама алу қарастырылған.
Үкімет сонымен қатар еліміздегі білім беру жүйесін дамыту бойынша басқа да ұсыныстарды қарастырды.
- Оқу-ағарту министрлігі халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жекеменшік мектептерде оқу кезінде Жаппай оқыту қорынан көмек алуға мүмкіндік беру туралы ұсыныс жасады.
- Қиын жағдайға тап болған және мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға баруға мүмкіндігі жоқ отбасылардан шыққан балалар үшін тамақтануға ақы төлеу тетігін іске асыру мәселесі қаралды.
- Смайылов мемлекеттік органдардың қажетті ақпараттық жүйелерін интеграциялауды аяқтауды және осы бастаманы қаржыландыру тетігін пысықтауды тапсырды. Ол қаражатты мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін олардың жұмсалуын тиімді бақылауды қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.
— Мектептерде ағылшын тілін оқыту сапасын арттырудың, мұғалімдердің біліктілігін арттырудың жаңа тәсілдері, білім беру ұйымдарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету, педагог-ассистентердің арнайы штаттарын енгізе отырып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін балабақшалардың қолжетімділігін кеңейту мәселелері қаралды.