Соңғы жылдары тұрғындар саны 50 адамға жетпейтін ауылдар таратылған. Енді адамдар ірі елді мекендерге көшіп жатыр. Бұл ретте Үкімет басшысы Олжас Бектенов халық тығыз орналасқан ауылдардың мәртебесін қайта қарау керегін тапсырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz үкімет баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бүгінгі таңда елімізде 6 256 ауылдық елді мекенде 7,6 млн адам тұратынын атап өтті.
Қазір елімізде 10 мыңнан астам тұрғыны бар 112 ауыл бар. Соның ішінде 18 елді мекенде 30 мыңнан астам халық тұрады. Оның мәртебесін өзгерту үшін заңнамада арнайы тетіктер бар. Егер жыл сайын халық саны үш жыл бойы 10 мыңнан асып отыратын болса, онда мәслихаттар облыстық деңгейге шығып, бұл ауылдардың мәртебесін өзгертуге құқығы бар. Яғни олар қалаға айналдыра алады. Бұл заң 2021 жылдан бастап қолданысқа енген болатын. Қазіргі таңда облыс әкімдіктері осындай мәслихаттардың өтінімдерін қарастыруда. Бірақ әлі нақты шешімдер қабылданған жоқ. Жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді министр.
Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, әкімдіктерге ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту бойынша міндеттер қойылып отыр. Объектілер мен қызметтердің нақты тізбесі осы жүйеде қамтылған.
Әкімдіктерге өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес ауыл тұрғындарының өмір сүру, тұрмыс сапасын жақсарту міндеті қойылды. Ол белгілі бір өмір сүру және қызмет көрсету стандарттарының нақты тізімін, сондай-ақ жақсы жолдарды, медицина және білім беру нысандарын қамтиды.
- Министрлік жыл сайын өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес ауылдардың қамтамасыз етілуіне мониторинг пен талдау жүргізеді. Мәселен, 2023 жылы қамтамасыз ету деңгейі 64,3 пайызды құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға артық. Бұл ретте Маңғыстау облысында — 72, 4 пайыз, Атырау облысында — 70 пайыз және Ақтөбе облысында — 69,6 пайыз объектілермен және қызметтермен барынша қамтамасыз етілуі байқалады. ШҚО – 58 пайыз, Ұлытау облысы – 57 пайыз, Абай облысы – 55,4 пайыз, міне бұл облыстарда қамтамасыз етудің төмен деңгейі байқалады, - деді Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында.