Маңғыстау облысының 55 322 тұрғыны 2 қазаннан кейін банктік қызмет ала алмайды. Өйткені бүгін 2022 жылға жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. Дегенмен төлем мерзімі аяқталуға санаулы сағаттар қалса да 55 мыңнан астам маңғыстаулық 127 миллион теңге сомасында салық төлемеген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасап.
Салық төлеушілер – меншік құқығында жеке үйлері, пәтерлері, саяжай құрылыстары, гараждары және өзге де құрылыстары бар адамдар.
Төленбеген салықтың негізгі сомасы Ақтау тұрғындарында , 28 695 адамға – 115 млн теңге. Одан әрі Жаңаөзен қаласы, 9 587 тұрғынға тиесілі – 5 млн теңге, Мұнайлы ауданы – 12 474 тұрғын өтеуі тиіс 4 млн теңге.
Төлем мерзімі аяқталғаннан кейін салық төлемеген адамдар заңнама нормаларына сәйкес банктік қызметтерді ала алмайды. Оған банктік шоттар ашу, аударымдар жасау, несие рәсімдеу және өзге де қызметтер кіреді. Мерзімі өткен әрбір күн үшін Ұлттық банк белгілеген ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі.
Сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары мәжбүрлеп өндіріп алу мақсатында сот орындаушыларына салық бұйрықтарын жібереді, олар борышкерлерге қатысты шараларды, оның ішінде мүлікке және банктік шоттарға тыйым салуды, елден тыс жерлерге шығу шектеулерін қолданады. Мұндай жағдайларда салық борышынан басқа, қарыз сомасының 25 пайызын құрайтын сот шығындары да ұсталады.