Бүгін сағат 24:00-де сайлауалды үгіт-насихат кезеңі аяқталады. Ертең, 18 наурызда және дауыс беру күні, 19 наурызда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 32-бабына сәйкес кез келген үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында Бас прокурор Жандос Өмірәлиев айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сондай-ақ 14 наурыздан бастап бұқаралық ақпарат құралдарында сауалнамалардың нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға қатысты өзге де зерттеулерді, кандидаттарды қолдау үшін дауыс беруді жариялауға жол берілмейді.
«Мұндай сауалнаманы үй-жайда немесе сайлау учаскесінде өткізу мүмкін емес («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағы). Оларды Орталық сайлау комиссиясына жазбаша түрде хабардар еткен тіркелген заңды тұлғалар ғана сайлау учаскелерінен шыға берісте жүргізе алады. Бұл сауалнамалардың нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында дауыс беру күнінен кейін, яғни 2023 жылғы 20 наурызда сағат 00:00-ден бастап жариялауға рұқсат етіледі», - делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Конституциялық заңның осы талаптарын орындамау ӘҚБтК-нің 102 және 120-баптарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Бұл заң талаптары Парламент Мәжілісі депутаттарының, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына да қатысты.