Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні аясында 2023 жылғы 1 наурызда сағат 9.00-ден 12.00-ге дейін азаматтық қорғау органдарының ескерту жүйесіне республикалық тексеру жүргізу жоспарлануда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, төтенше жағдайлар туралы халықты ескерту және хабардар ету – тұрғындарды кез келген апаттың жағымсыз салдарынан немесе әртүрлі факторлардың әсерінен болатын жойқын әсерлерден қорғауға мүмкіндік беретін негізгі қауіпсіздік шарасы.
Ескерту жүйесін тексеру барысында қысқа уақытқа электр сиреналары мен сирена-сөйлеу құрылғыларын (дауыс зорайтқыштарды) қосу, сондай-ақ теле және радиоарналардың эфирін ұстап тұру, интернет-ресурстар мен ұялы телефондарда ақпаратты орналастыру жоспарлануда.
«Барлығыңыздың назарына!!!» дыбыстық сигналы бұл қауіп-қатер немесе төтенше жағдай кезінде барлық шұғыл хабарламалар жіберілмес бұрын халықтың назарын аудару үшін берілетін ескерту сигналы.
Дыбыстық сигналды естіген кезде теледидарлар мен радиоларды қосу керек, бұл жағдайда қалай әрекет ету керектігі туралы нұсқаулар алу үшін Интернет ресурстары мен мобильді қосымшалардағы ақпаратты да оқу керек.
Сонымен қатар қауіпті өндірістік объектілер мен гидротехникалық құрылыстардағы жергілікті ескерту жүйелерінің жұмысқа жарамдылығы да тексерілетін болады.