Сенат депутаттары палатаның 23 ақпандағы жалпы отырысында Қазақстандағы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару тетігін жақсартуға бағытталған заң жобасын мақұлдады. Құжат мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл норма "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында қарастырылған.
Құжатты Сенат депутаты Бауыржан Қаниев таныстырды.
Ол 2019 жылы қабылданған мүлік меншік иелерінің бірлестігіне көшу жөніндегі нормалар әлі толық көлемде іске асырылмағанын атап өтті. Басқарудың жаңа нысандарына көшу реформасы шеңберінде көппәтерлі тұрғын үйлердің 85%-ы жай серіктестік нысанына көшті, ал мүлік меншік иелерінің бірлестігін небәрі 11,5% -ы таңдады. Сонымен қатар 1436 көппәтерлі тұрғын үй әлі күнге дейін басқарудың ешқандай түрін таңдаған жоқ.
Заңмен тұрғындар арасында басқару нысанын таңдау туралы келісімге қол жеткізілмеген немесе олардың ауысуға дайын еместігі бойынша мәселе де шешіледі. Мысалы, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциясына бір жылға дейінгі мерзімге уақытша басқарушы компанияны анықтауға мүмкіндік беру туралы норма енгізілуде.
Сонымен қатар, құрылыс салушыға кондоминимум объектісін басқарудың жаңа нысандары құрылғанға дейін алты айға дейінгі мерзімге басқарушы компанияны тартуға мүмкіндік беретін норма көзделеді. Осылайша, Заңмен көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқарусыз және күтіп-ұстаусыз қалдырмауға мүмкіндік беретін бірқатар нормалар енгізіледі.
Сонымен қатар Заңмен жеке (бөлек) меншіктегі мүліктің дербес түрлері ретінде тұрақ орындары мен қоймалардың мәртебесін бекіту ұсынылады.
Сенат депутатының айтуынша, тұтастай алғанда, заң жобасы көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару механизмін жақсартатын және тұрғын үй қатынастары субъектілерінің кейбір функцияларын нақтылайтын түзетулерді қамтиды.