Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов дүниеден өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Қабдеш Жұмаділов – 1936 жылы 24 сәуірде ҚХР, Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданында дүниеге келген.
Қазақстанның халық жазушысы. Шәуешек гимназиясын бітіріп, жолдамамен ҚазҰУ-не (1956) түседі. 1958 жылы Қытай үкіметі органдары кері шақырып алады. Кейін 1962 жылы Бақты шекарасын бұзып өткен қазақ жастарымен Қазақстанға біржола оралған соң, ҚазҰУ-ді бітірді (1965).
Оның «Жас дәурен» өлеңдер, «Қаздар қайтып барады», «Сары жайлау», «Шарайна», «Сәйгүліктер» әңгіме, повесть жинақтары, «Көкейкесті», «Бақыт жолында», «Атамекен» т. б. романдары, «Соңғы көш» оқырман қауымға жақсы таныс. Қ. Жұмаділовке Шығыс Түркістандағы қазақтардың өмірі мен азаттығы жолындағы күресі суреттелген «Тағдыр» романы үшін Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілген.
Қазақ әдебиеті газетінде (1965 - 1967), Жазушы баспасында (1967-1976), Қазақстанның Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде (1976 - 1981) қызмет істеген. 1981 жылдан шығармашылық жұмыста. Қ. Жұмаділовтің алғашқы өлеңдері 1954 жылдан жергілікті баспасөз беттерінде, ал "Жамал" тырнақалды әңгімесі 1956 жылы Үрімжіде шығатын "Шұғыла" журналында жарияланған.
Қ. Жұмаділовтің бір өлеңдер жинағы, сегіз роман, бес повесть, ондаған әңгіме, мақалалар жинақтары жарық корген. Олардың негізгілері "Қаздар қайтып барады" (1967) атты әңгімелер жинағы, "Көкейкесті" (1969), "Соңғы көш" (1974 - 1981,), "Атамекен" (1985), "Тағдыр" (1988,) романдары, "Соңғы көш" (1-кітап 1974; 2-кітап 1981) және "Дарабоз" (1-кітап 1994; 2-кітап 1996) дилогиялары. Қ. Жұмаділовтің соңғы жылдардағы көлемді шығармасы - "Таңғажайып дүние" (1998) ғұмырнамалық, "Қылкөпір" (2003) романдары.