Қазақстанда наурыздан бастап теміржол билеттері қымбаттайды. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды mangustaumedia.kz сайты.
«Әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушының шығыстарын ұзақ мерзімді субсидиялауға арналған шарттарға сәйкес, 2021 жылдың 1 наурызынан бастап облысаралық және қала маңындағы қатынастардағы барлық әлеуметтік маңызы бар бағыттарға теміржол билеттерінің құны 7% - ға артады», - делінген «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми сайтында.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушыларды тасымалдау сапасын жақсартуға, оның ішінде жылжымалы құрам паркін жаңартуға және қызмет көрсетудің жаңа стандарттарын енгізуге бағытталған шараларды жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, «Жолаушылар тасымалы» АҚ 2018 жылдан 2020 жылға дейін 159 вагон сатып алған. Аталмыш вагондар Алматы-Маңғыстау, Нұр-Сұлтан-Сарыағаш, Атырау-Нұр-Сұлтан, Атырау-Алматы, Нұр-Сұлтан-Арқалық, Атырау-Маңғыстау, Алматы-Жезқазған және Нұр-Сұлтан-Семей бағытында қатынап жүрген пойыздардың құрамында бар.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәлімдеуінше, биыл 50 жаңа вагон жеткізіледі деп күтілуде. Бұл вагондар Алматы-Маңғыстау, Қызылорда–Семей, Алматы-Өскемен және Нұр-Сұлтан-Семей бағыттары бойынша қатынайды деп жоспарланып отыр.