Өңір медицинасының алға жылжуына үлес қосып жүрген жандардың бірі – Маңғыстау облысы психикалық денсаулық орталығының резиденті, психиатр-нарколог Айдос Бисен. Ол қазір Маңғыстау облысы психикалық денсаулық орталығының «Жасөспірімдер және балалар» бөлімінде қызмет атқарады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты өңірлік Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Психиатр-нарколог Айдос Бисен Маңғыстау облысы психикалық денсаулық орталығына жас мамандарды психатрия-наркология бойынша резидентурадан өтуге шақыратынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл бөлімде психикалық жағдайы күрделі науқастар ем алады. Бұл бөлімге түскен науқастар емделіп, дәрі-дәрмектерін уақытылы ішіп, қалыпты жағдайға келгеннен кейін ғана үйлеріне шығарылатынын айтты.
- Алдыңа келген әр науқаспен жылы сөйлесу, сырқатына ем беру – біздің басты міндетіміз саналады. Психатрия – жақсы мамандық. Үнемі ізденісте болу, адам психологиясын зерттеу қажет. Ұжым өте білімді мамандардан құралған. Жас мамандарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілсе, жас дәрігерлердің осы өңірде қалып, жұмыс істей беруіне жол ашылар еді деп ойлаймын,-деді Айдос Бисен.
Айдос Жалғасбайұлы М.Оспанов атындағы Ақтөбе медицина университетінде оқып, 2016 жылғы жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығын алған. 2018 жылы Мұнайлы аудандық орталық ауруханасына жұмысқа орналасып, "Терапия" бөлімінде 5 жыл қызмет атқарған.
- Медицина саласы үнемі ізденісті оқумен, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қызығы мен шыжығы қатар жүретіні сөзсіз. Бұл салаға жүрек қалауыммен түстім деп айта аламын,-деді Маңғыстау облысы психикалық денсаулық орталығының психиатр-наркологы Айдос Бисен.
Ол қазіргі таңда М.Оспанов атындағы Ақтөбе медицина университетіне «Терапия» бағытында психатрия-наркология орталығының басшысы Мади Қайламбекұлының кураторлығымен 2 жылдық резидентурадан өтіп жатыр.