Жаңаөзен қаласына қарасты Кендірлі ауылында тұрғындардың бірі жүк көлігімен газ құбырын қағып, тұрғын үйлерді көгілдір отыннан ажыратып тастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Апатты оқиға Жұлдыз шағынауданының Шерқала көшесіндегі 63-А учаскесі маңындағы қиылыста болған. Ауыл тұрғынының жекеменшік МАЗ автокөлігінің жүк салатын бөлігі көтеріліп кетіп, орта қысымды газ құбырын іліп кеткен.
«Жүргізушінің жеке басы анықталды. Оқиға ауыл тұрғыны түскі асқа үйіне келіп, жұмысқа шығып бара жатқанда болған. 102 нөміріне телефон шалынып, полицияға хабарланды. Казтрансгазаймақ бригадасы жұмылдырылып, жұмыстарына кірісті. Адам шығыны жоқ», - деп жазылған апат туралы хабарламада.
Қазіргі уақытта газ желісіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін газ уақытша өшірілген.