Маңғыстау облысында жолдарда шекті шамадан асыра жүк тасымалдау дерегі азаятын емес. Өңірдегі автомобиль жолдарының жай-күйін бақылайтын уәкілетті мекеме инженерлері жол полициясы және көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерімен бірлесе бақылау шараларын жылдың барлық мезгілінде жүргізіп келеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Былтырдан бері жолдарда 1742 жүк көлігі тоқтатылып, салмағы арнайы таразыда өлшенді. Кейбірінің жүк салғышында құрылыс материалдарының шамадан тыс артылғаны белгілі болды. Өкінішке орай, бұл өз кезегінде жолдардың мерзімінен бұрын бүлінуіне әкеледі.
- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүк көлігінің әр білігіне түсетін салмақ 8 тоннадан аспауы керек. Алайда, кейбір жүргізушілер көліктің жүк салғышына 35-40 тоннаға дейін құрылыс материалын тиеп алады. Былтырдан бері мұндай заңбұзушылыққа барғандарға қатысты 279 әкімшілік іс қозғалды. 47 млн 765 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, жолда жүк тасу ережелерін сақтамаған көлік жүргізушілеріне 1135 әкімшілік іс рәсімделіп, 84 млн 558 мың теңге айыппұл салынды», - деді ҚР Көлік министрлігінің «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау филиалының басшысы Хамзат Сұлтанов.
Айта кетейік, жуырда ұлттық сапа орталығының қызметкерлері Маңғыстау өңірінде жол құрылысы жүріп жатқан нысандардың бірінен өрескел ақаулық тапты.
Жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына қызметтік хат жолданып, нәтижесінде «Аско Сервис Шетпе» ЖШС-нің техникалық қадағалау сарапшысына әкімшілік-құқықбұзушылық туралы Кодекстің 317-бабы 3-бөлігіне сәйкес 180 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, техникалық қадағалау аттестатын пайдалану алты ай мерзімге тоқтатылды.