«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Достық үйі» аумағында 100-ге жуық ағаш отырғызылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, көктем келісімен облыс аумағында тазалыққа көңіл бөлініп, санитарлық тазалық, көркейту, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қала аумағын көгалдандыру аясында көшет егу іс-шарасына Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, ассамблея жастары, Қоғамдық келісім мекемесінің қызметкерлері қатысты. Сенбілікке әрбір ұжым бір кісідей жұмылып, белсене атсалысты. Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Аманкүл Джайылханованың айтуынша, биыл «Достық үйі» маңындағы «Достық» аллеясына 300-ден астам ағаш отырғызылған.
- Сенбілік жұмыстары науқан басталған күннен атқырылып келе жатыр. «Достық» аллеясын біз жыл сайын жасыл желекпен көмкеріп келеміз. Биыл 300-ден аса ағаш отырғызылды. Бұл тек бір күндік науқан емес, ол жыл бойы жалғасады. Кеше ғана ҚХА 33-сессиясында әрбір қазақстандық акцияға өзінің үлесін қосу керек екені айтылып өтті. Сондықтан туған жер тазалығына әрбір тұрғын көңіл бөлуі керек, - деді Аманкүл Джайылханова.
Сонымен қатар, игі шараға әлеуметтік сала қызметкерлері, экобелсенділер, депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер мен қарапайым тұрғындар да өз үлесін қосты. Олар жас шыбықтардың күні ертең жапырағы жайқалған биік бәйтеректерге айналарына сенім білдірді.
- Сенбілік жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ауа райы да, көңіл күй де керемет. Барша қазақстандықтарға мықты денсаулық тілеймін. Қаламыз жарқырап, көркейе берсін. Өскелең ұрпақтың жайлы өмір сүруі үшін осындай жұмыстар атқарылуы тиіс, - деді лезгин этномәдени бірлестігінің мүшесі, ақсақалдар кеңесінің мүшесі Абдуллаев Ахат.
Айта өтейік, «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны бойынша өңірде биыл сәуір айынан бастап мамыр айына дейінгі аралықта аудан елді мекендерінің аумақтарын көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық іс - шаралар жүргізіліп келеді.