Ақтау әкімдігінде қала әкімі Ұлықбек Тналиевтің төрағалығымен төтенше жағдайларды жою және оның алдын алу жөніндегі комиссияның отырысы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында кейбір тұрғын үй кешендеріндегі өрт қауіпсіздігі мәселесі қозғалды. Ақтау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Бауыржан Оңғарбаев тұрғын үй кешендеріндегі өрт қауіпсіздігіне қатысты бірқатар кемшіліктерді атап өткен.
- Қазіргі таңда қала аумағында өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған бірнеше тұрғын үй бар. Солардың бірі 7А шағын ауданында биіктігі 28 метрден жоғары «Caspian Coast» тұрғын үй кешені эксплуатациядағы басқа да ғимараттар және құрылыс нысандары арасындағы өртке қарсы арақашықтығының жоқтығы, өрт болған жағдайда өрт сөндіру техникаларының жетуіне арналған арнайы жолдарының болмауы секілді кемшіліктер кездеседі. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерилеріне сәйкес биіктігі 28 метрден асатын(9 қабаттан жоғары) көппәтерлі үйлер қауіп деңгейі жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылады, - деді Ақтау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Бауыржан Оңғарбаев.
Осы ретте қала әкімі құрылыс компанияларына өз нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз етуі керектігін айтты.
- Қала тұрғындарының қауіпсіздігі бірінші орында. Тұрғын үй құрылысын жүргізіп отырған компаниялар өз нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз етуі керек. Себебі төтенше жағдай болған кезде тұрғын үйдің аумағына өрт сөндіру техникасының кіруіне ешқандай кедергі болмау қажет. Құрылыс компанияларының өз тұрғын үйлеріндегі өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталғандығы қатаң тексеріледі. Құрылыс компаниялары тиісті өрт қауіпсіздігінің талаптарын сақтамаса, тұрғын үйлер қабылданбауы керек, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Сондай-ақ, қалалық төтенше жағдайлар басқармасына тұрғын үй кешендерінің аумағында орнатылған шлагбаумдар бойынша халықтан көптеген шағымдар келіп түсуде. Бұл өз кезегінде өрт сөндіру техникасының тұрғын үйге кіруіне кедергі жасайды. Қала әкімі жауапты бөлімге тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемелермен(ПИК, МИБ) шлагбаум мәселесі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.