©
"Иранның ірі әскери кемесі қатты толқынның салдарынан екіге бөлініп қалды", - деп хабарлады Ресейдің «Известия» сайты. Каспий теңізіндегі қатты дауылдың салдарынан Иранның "Дамаванд" фрегаты екіге бөлініп қалды деп осы елдің билігі мәлімдеген.
«Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, 10 қаңтар күні толқынның биіктігі 4 метрге жеткен. Бендер-Энзели портты қаласында тұрған кеме толқын тосқыға соққан.
Апаттың салдарынан 6 адам кемеден шығып қалған. Кейіннен үш адамның қаза тапқаны хабарланды.
Фрегаттың ұзындығы 100 метр, сыйымдылығы 1,3 мың тонна. 2013 жылы ирандық мамандардың күшімен құрастырылған кеме Иранның Әскери қарулы күштерінің құрамына берілген. Кеменің атауы Мазендеран провинциясында орналасқан елдің ең биік нүктесі саналатын таудың құрметіне қойылыпты.
Еске сала кетейік, экипажында 200-ге тарта адам бар «Дамаванд» фрегаты «Пейкан» ракеталық катерімен бірге Ақтау теңіз портына достық кездесумен келіп кеткен болатын.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Басты сурет 7292info.kz архивінен
Сурет Известиядан алынды