Коронавирустың «омикрон» штамы 110 мемлекетте анықталды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) сайтында жарияланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«2021 жылдың 22 желтоқсанындағы жағдай бойынша, вирустың омикрон штамы 110 елде, ДДСҰ-ның барлық алты өңірінде анықталған», - делінген мәлімдемеде.
«Омикрон» штамы «дельта» штамына қарағанда, тез таралады. Оған қоса, 2-3 күн сайын жұқтырғандар қатары екі есе көбейіп отыр.
«Омикрон» штамының салдарына келер болсақ, бұл орайда мәлімет шектеулі, дейді ДДСҰ. Оңтүстік Африка, Ұлыбритания және Дания елдерінен алынған деректерге сәйкес, «омикрон» штамын жұқтырғандар вирустың «дельта» штамын жұқтырғандарға қарағанда ауруханаға сирек түседі.
Мұны «омикрон» штамына ағзаның иммундық қорғанысының қатты әсер етпейтіндігімен түсіндіруге болады.
Қазіргі кезде мамандарда «омикрон» штамына вакцинаның қалай әсер ететіні туралы деректер аз болып отыр.