WhatsApp-та Алматыда «қытайлық» ұшақ «химиялық радиоактивті заттар шашып жүр» деген аудиожазба таратылып жатыр. Бұған дәлел ретінде flightradar24 сайтынан жасалған скриншот ұсынылған. Суреттегі картада ұшақтың ұшу бағыты көрсетілген. Stopfake.kz қытайлық ұшақтың зиянды заттар «шашқаны» туралы хабарламаның жалған екендігін хабарлайды.
Шын мәнінде, аудиожазбамен бірге таратылып жүрген суретте катарлық Qatar Airways әуе компаниясының «Бейжің – Доха» бағытында тұрақты рейс жасаған азаматтық жолаушылар ұшағы бейнеленген.
Stopfake.kz түсініктеме алу үшін жүгінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл ақпаратты растады.
«Qatar Airways әуе компаниясының тіркеу номері A7-BAL «Бейжің – Доха» бағытындағы тұрақты рейсі Боинг-777 әуе кемесімен 2020 жылғы 13 қыркүйекте орындалды, Борт ҚР әуе кеңістігіне RULAD нүктесі арқылы сағат 06:08-де кірді және сағат 06:46-да SULET нүктесі арқылы ҚР әуе кеңістігінен шықты. ҚР әуе кеңістігін кесіп өту кезінде әуе кемесінің ұшу биіктігі 11 мың метрді құрады. Бұл рейс күн сайын орындалады», – деп хабарлады ИИДМ.
Сонымен қатар салалық ведомство ұшақтан химиялық заттар шашылды деген хабарламаларды ресми түрде жоққа шығарды:
«Мұндай биіктікте қандай да болмасын химиялық заттарды шашу мүмкін емес. Сондай-ақ, әуе кемесінің бұл түрі ондай жұмыстарды жүргізу үшін жабдықталмаған».
Flightradar24 сайты 13 қыркүйекте таңертең жолаушылар ұшағы сағат 03.50 Бейжіңнен ұшып шығып, жергілікті уақыт бойынша сағат 7.31 Катар астанасы Доха қаласына қонғанын растады. Рейстің номері – QR 8069.
Бейжіңнен Доха қаласына бағыт алған ұшақ Қытай, Моңғолия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Иран және Катар арқылы ұшады. Ұшу қашықтығы шамамен 6 174 км.
WhatsApp-та ұшақтың «химиялық заттар шашқаны» туралы таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Жерден көзге көрінетін құбылыс ұшақтан кейін қалатын конденсациялық із болып табылды.
«Конденсациялық із –ұшақтан кейін аспанда қалатын конденсацияланған ылғалдан пайда болатын із. Ол ауа райы ашық болғанда анық көрінеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл тұманнан немесе ұсақ су кристалдарынан туындаған «шлейф». Олар суға қарағанда баяу буланады, сондықтан ақ із аспанда ұзақ уақыт тұрады. Ылғалдылық неғұрлым жоғары болса, жолақтар соғұрлым ұзақ және айқын болады.
«Химиотрассалар» туралы конспирологиялық теория (аудиохабарлама бұл туралы белгісіз әйел айтады) әлемде бұрыннан белгілі. Бірақ Қазақстанда бұл фейк соңғы кездері кеңінен қолданылуда.
«Коронавирус – бұл өкпедегі, бронхтағы радиоактивті күйіктер», – дейді әйел аудиожазбада. COVID-19 – коронавирус тектес соңғы ашық вирустардан туындаған жұқпалы ауру. COVID-19 ауруын тудыратын вирус негізінен жөтел, түшкіру немесе тыныс алу кезінде адамның тыныс алу жолдарынан бөлінетін тамшылар арқылы жұғады. Толығырақ ДДСҰ сайтынан оқи аласыздар.
Stopfake.kz қорытындысы: «Қытайлық ұшақтан радиоактивті химиялық заттар шашу» туралы хабарлама жалған.