Бұл туралы Елжан Біртанов өзінің Facebook парақшасында жазды , - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Елжан Біртанов медицина маманының ауыр қызметі жайлы жазған дәрігердің жұмысына адалдығы үшін алғыс білдірді. "Құрметті әріптесім, сіздің жазбаңызды оқып, қиын бірақ адамдарға аса қажетті өз кәсібіңізге деген адалдығыңыз үшін алғыс айтқым келеді! Өзім де білемін, кейде пациенттердің сөздері мен іс-әрекеттері өте ауыр және ренішті болады. Бірақ сіз мұны еңсере алатыныңызға сенімдімін, медицинада өз жұмысыңызды жалғастырыңыз. Өйткені, сіз өз кәсібіңізге өте адалсыз, демек сіз - бүгінгі медицина мен халыққа керек нағыз мамансыз. Мен сізге сабырлық тілеймін, ең бастысы - мықты денсаулық! Құрметті әріптестер, абай болыңыздар. Сіздер халыққа керексіздер!", - деді Біртанов Facebook желісіндегі парақшасында. Бұдан бұрын маңғыстаулық дәрігер Instagram желісіндегі аноним түрде қызметінің қиын тұстарын, емделушілердің дөрекі қарым-қатынасы жөнінде жазған еді. Онда былай делінген: "Мен бір күн сайын жұмыс істеймін, себебі маман жетіспейді. Шыны керек, қатты шаршаймыз. Біздің де отбасымыз, бала-шағамыз бар. Соңғы рет қашан киноға барғаным да есімде жоқ. Балалар өз бетімен өсіп жатыр. Интернетте бізді ақымақ, дөрекі деп айыптап, емдеу қолдарынан келмейді деп жатады. Ал өздерің қандайсыңдар? Біз сендерге қызмет көрсетуіміз керек пе, әлде көмектесуіміз қажет пе? Емдеуіміз керек пе, әлде күліп тұруымыз керек пе? Ойлануымызға бола ма? Бізге жай ғана өмір сүруге бола ма? Қазір ақылдылар "бұл - сендердің жұмыстарың" деуі мүмкін. Кешіріңіздер, бірақ...".
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ