Батыр ауылында екі отбасы баспаналы болды
[ 2019 ] 25 қараша, 10:45 | Жаңалықтар
Ағалы-інілі үш жігіт 2012 жылы аталарының сүйегі жатқан Маңғыстауға қоныс аударған. Шиіттей балалары мен қарт әжесі бар жас отбасылар күнделікті нәпақасын тауып, бұйырған жерді паналап, кәсіпкерлердің, жеке адамдардың көмекшісі, не басқа жұмысшылары болып тіршілік етіп жүрді.
Сөйтіп жүргенде ортаншы бала шағын баспанаға қол жеткізіп, әжесін қолына алады да, екі бауыры мекемелердің қарауылы болып, әр жерде жүре береді. Бұлардың ешқайсысы ешқандай мемлекеттік мекемелерге барып, көмек сұрап, алақан жаймайды. Момын отбасының жұпыны тірлігін, асқан сабырлылығын көрген облыстық Бекет ата мешітінің жамағаты бұл жайтқа бей-жай қарап тұра алмай, өзара қаржы жинап, Батыр ауылынан жер сатып алып, үй салып берді.
Мешіттің бас имамы Әнуар Елжанов бастаған жамағат сол үйге бас сұғып, тұрғындарының жағдайымен танысты. ҚМДБ діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Әліпбекұлы Балаларының қуанышына ортақтасу үшін Түрікменстанның Байрамалы уәлаятынан келіп жатқан ана Алуаш Серікбаева үйдің құжаттарын табыстады.
- Кенже ұлым 10 айлығында отағасым қайтыс болып, жағдайымыз нашарлап қалған еді, - деді көп балалы ана. - Денсаулығым жарамағасын, балаларға қосымша жүк болмайын деп келе алмай жүр едім. Енді, міне Құдай жеткізіп, ұлдарым үйлі болып жатыр. Алла қаласа, өзім де жақында осында түбегейлі қоныс аудармақпын.
Ағынан жарылған Алуаш ананың ақ батасын алған қонақтар да баспаналы болған отбасыға игі тілектерін айтты. Алайда, бұл үйде жылыту жабдықтары орнатылғанымен, әзір газ құбыры тартылмаған екен. Пейілдері кең жандар үйге жүрек жылуын молынан бөліп, электр қуатымен жылытып отыр. Ендігі құзырлы орындар қыстың көзі қырауда екенін ескеріп, тезірек газ жетуін қамтамасыз етсе, бұл шағын үй құстың ұясындай болатын түрі бар.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
701
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.