Ағылшын тілі мен жаратылыстану пәндерінің білім фестивалі өтті
[ 2019 ] 21 қараша, 05:41 | Жаңалықтар
Ақтау қаласында Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «English for Success» («Ағылшын тілімен жетістікке жету») жобасының аясында ағылшын тілі мен жаратылыстану пәндерінің білім фестивалі өтті.
Британ Елшілігі жанындағы Британ Кеңесінің халықаралық ұйымы, Ұлыбританияның Лестер университеті, «Теңізшевройл» АҚ компаниясының қолдауымен іске асып отырған жоба Маңғыстау облысының Ақтау қаласы, Түпқарған, Қарақия және Бейнеу аудандарының мектептерінде жүзеге асырылуда және биология, физика, химия және информатика пәндері мен ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдерінің кәсіби деңгейін ағылшын тілінде дамытуға бағытталған.
- Жобамыз жаратылыстану пәндерінің мұғалімдері мен ағылшын тілін оқытушыларға арналған. Бағдарлама барысында олар Ақтаудағы төрт семинарға қатысып, сол семинарларда алған біліктіліктерін сабақтарда қолданды. Жобаның тіл үйретуден басқа ерекшелігі – мұғалімдердің сабақты қалай жүргізу, оқушыны қалай сабақ оқуға ынталандыру керек екендігін көрсету, – дейді жоба менеджері Ардақ Бектұрова.
Оның айтуы бойынша, бұл фестиваль – екі жылдық жобаның бірінші жылының қорытындысын шығаратын, өзіндік есеп беру іс-шарасы. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Маңғыстау облысының 180 ағылшын тілі және жаратылыстану пәні мұғалімдері оқытудың әр түрлі инновациялық әдістерін үйреніп, оларды сабақтарында қолданды. Сондай-ақ жоба аясында ғылыми тілдік лагерьлер ұйымдастырылып, онда арнайы оқытылған тәжірибелі оқытушылар тобы ғылыми тәжірибелер арқылы 5–7 сынып оқушыларына терминологияны ағылшын тілінде жүргізіп, ағылшын тілінде қарым-қатынас дағдыларын дамытуға ықпал жасады.
- Жоба барысында мен оқушыларды белсенді оқу және жазуға дағдылайтын біліктілік пен 5Е (engage, explore, explain, elaborate, evaluate) технологиясын үйрендім. Сондайақ қазір сабақтарымда оқушылармен рөлдік ойындар ойнаймын. Балалар сабақтарда ойнай отырып, тақырыпты тез түсіне алады. Бұл әдістер, әсіресе рөлдік ойындар оқушыларыма қатты ұнады, – дейді жоба қатысушысы, Ақтау қаласы, №21 орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Бексұлтан Байрамов.
Сонымен қатар көрмеге қатысушылар Macmillan Book баспасының байқаулары мен лотереяларына қатысып, сертификаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды.
Арай ЖАУПЕРОВА
1361
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.