Арнайы операция барысында ұсталған жаңаөзендік күдіктілердің аналары ұлдарының жазықсыз екенін айтып жанын қоярға жер таппай отыр. Төлеген Егізбаев 2019 жылдың сәуір айында түрмеден босатылған еді. Алайда қайта қылмыс жасап, 29 шілде күні Маңғыстау облысында ҚР ҰҚК мен ІІМ ұйымдастырған арнайы операция барысында қылмыстық топпен бірге ұсталған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Қылмыстық топтың құрықталғаны туралы біз бұдан бұрын жариялаған едік . Сол қылмыстық топтың қатарында болған С.Қойшыбев пен ағайынды Дәурен, Төлеген Егізбаевтартың аналары ұлдарының кінәсіздігін алға тартып, Нұр-Сұлтан қаласына барып қайтты. ҚР Ішкі істер министірлігі мен Бас прокуратура қызметкерлеріне мұңдарын айтып, «Азаттық» радиосына да сұхбат берген еді. Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданының 20-дан астам жас жігіттерінің темір торға тоғытылғандарына 4 айға жуық уақыт болды. Олқы қадам жасап, от басқан Жаңаөзен қаласының тұрғындары Самат Қойшыбаевтың анасы Зияда Утебекова мен Егізбаевтардың анасы Аманбике Егізбаева осы уақыт ішінде балаларын уайымдап күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Бас прокуратура қызметкерлерінің мәліметіне сүйенсек, маңғыстаулық жігіттер аса қауіпті қылмыстар жасаған деп айыпталып отыр. Дәурен 2010 жылы «Қорқытып алу» қылмысы үшін жауапкершілікке тартылса, Төлеген 2010 жылы «Тонау», 2013 жылы «Ұрлық», «Бұзақылық» және 2015 жылы «Билік өкіліне бағынбау» бойынша 3 рет сотталған болып шықты. Ал Егізбаевтардың ағасы Нұрланның да сотты болғаны туралы ақпарат бар. Нұрлан 2010 жылы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын заңсыз иелену» бойынша сотпен кінәлі деп танылған. Журналистік зерттеулер Егізбаевтардың заңды бұзып, қылмыстық істерге барғанын дәлелдеп отыр. Ағайындылар Жаңаөзеннің қылмыстық топ ортасында «Қалдаш» (Дәурен) пен «Төлеш» (Төлеген) деген лақап аттарымен белгілі көрінеді. Ана жүрегі перзентін жамандыққа қимасы анық. Баласын 9 ай құрсағында көтерген аналар ұлдарының қылмысын мойынсынбай, шындық іздеп, шырылдап жүр. Біз Егізбаевтардың анасымен тілдесе алғанымызбен белгілі себептермен одан жауап ала алмадық. Телефон байланысында жауап беруге келіскен А.Егізбаева кейінгі қоңырауларға тіл қатпады. Алдағы уақытта онымен сұхбаттасып, ұлдарының қылмысқа нендей себептермен қатысы жоқ екені жөнінде сұрайтын боламыз. «Қарға да баласын аппағым дейді», кез-келген ана өз баласын жамандыққа қимауы да сол себепті болар. Жауапқа тартылған Егізбаевтардың талқыға салынған тағдырын тергеу жұмыстары мен сот көрсетеді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ