Ақтауда 21-24 қараша күндері қазақ боксының негізін қалаушы, бокстан КСРО спорт шебері атанған тұңғыш отандасымыз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған ересектер арасындағы ХII халықаралық турнир өтеді. Былғары қолғап шеберлері сынға түсетін додаға Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркия, Ресей Федерациясының құрама командалары және еліміздің 11 облысы мен 3 қаласынан спортшылар қатысады. Сонымен қатар, турнирде Қазақстан ұлттық құрама командасының әлемдік ареналарда топ жарып жүрген боксшылары да бақ сынайды. Олардық қатарында 56 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Қайрат Ералиев, Ильяс Сүлейменов, 63,5 келіде Закир Сафиуллин, 75 келіде Тұрсынбай Құлахмет, Әбілхан Аманқұл, Ерік Әлжанов, 91 келіде Бек Нұрмағанбет, сондай-ақ, Нұрбол Қалжанов, ағайынды Төлтаевтар, т.б. қатысады. Жарыс «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде өтеді. Айта кететін бір жайт, 57 келі, 63,5 келі, 75 келі салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанып, үздік шыққандар 2020 жылы ақпан айында Қытайда өтетін жазғы Олимпиада Ойындарына жолдама беретін жарысқа қатысу құқығына ие болады. Жарыстың құрметті қонақтары ретінде Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командасының бас бапкері Ғалым Кенжебаев, құрама бапкерлері Мырзағали Айтжанов, Нұрлан Ақүрпеков, Олимпиада Ойындарының чемпионы Бақтияр Артаев, Әлем чемпионы Галиб Джабаров сынды бокс мамандары шақырылып отыр. Турнир бағдарламасы: 21 қараша, сағат 14:00 – алдын-ала кездесулер сағат 18:00 – жарыстың салтанатты ашылуы 22 қараша, сағат 14:00 – ширек финал 23 қараша, сағат 14:00 – жартылай финал 24 қараша, сағат 12:00 – финал, турнирдің жабылу салтанаты