Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Дүйсен қажы Хаснияз Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовке бата беріп, әлемдік додада жеңіс тұғырынан көрініп, ел намысын қорғағанына алғыс айтты.
Ақтау қаласының тұрғыны, боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Құрмет орденінің иегері Әділбек Сәбитұлы Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің тұрақты жамағатынан. Әділбек жұма намазын жібермей, спорттан қолы қалт еткенде Алланың үйіне асығады екен. Мешіт имамы жұма намазына келген Рио Олимпиадасының күміс жүлдегеріне көпшіліктің алдында ақ бата беріп, сый-құрмет көрсетті.
Күллі әлемнің алдында тәуелсіз Қазақстанның атын шығарып, туын көкке көтерген жерлесіміз Әділбек Ниязымбетов қандай құрметке де лайық! Қайсар бауырымыздың спорттағы жолы бүгінгі жастарға үлгі деп санаймын! Әлемнің бетке ұстар боксшыларын тығырыққа тіреп, ел үмітін ақтаған Әділбек алда да жеңіс биігінен көріне бергей! Алла жолыңды оңдасын, әулиелер қолдасын! Еліміз аман, жеріміз бүтін болғай!-деді Д.Хаснияз.
27 жастағы Әділбек Ниязымбетов әлемнің екі дүркін күміс жүлдегері. Ол алғаш рет 2007 жылы Алматы қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында озып шығып, екі жылдан соң Таразда өткен ересектер арасындағы 69 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы атанған болатын. 2009 жылы жетістігін қайталап, Қостанайда тағы ел чемпионы атағын алады. Боксшы Рио-де –Жанейрода өткен Жазғы олимпиадада ақтық сында сәл сүрініп, күміс жүлдеге ие болды. Жерлесіміздің жеңісін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алтынға теңестіріп, лайықты құрмет көрсетуі – Әділбек Ниязымбетовке деген сенімді білдірсе керек.
Анар Шамшадинова