Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінде гистологиялық лаборатория ашылады. Жаңа лаборатория Маңғыстау облыстық ауруханасының базасында жұмысын бастамақ. Ол үшін аумағы 540 шаршы метрді құрайтын алаң қарастырылып, қажетті құрал-жабдықтарға да облыс бюджетінен қаржы бөлініп, тендер жарияланған. Бұл жайында облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Нұрлан Джариев мәлімдеді.
- Облыстық онкологиялық диспансері 30 жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасайды. Алайда, осы уақытқа дейін біздің жеке лабораториямыз болған емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында біздің сала үшін үлкен жаңалық орын алмақ. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында гистологиялық лабораториямыз іске қосылады. Жеке лабораториямыз еліміздің бас онкологы Диляра Хайдарова, Маңғыстау облыстық әкімдігінің тікелей көмегімен ашылмақ. Жалпы осы уақытқа дейін біз дайын материалдарымызды тексерту үшін республикалық орталыққа жіберіп, ұзақ уақыт нәтижиесін күтетінбіз,-дейді Нұрлан Джариев.
Қатерлі дерттің алдын алу мақсатында ашылатын лабораторияның жұмысын жолға қою үшін еліміздің өзге аймақтарынан білікті үш маман арнайы жұмысқа шақырылған. Сондай-ақ, жыл аяғына дейін онкологиялық диспансер 15 маманмен толығады деп күтілуде.
- Лабораторияға алынып жатқан жаңа жабдықтарды қабылдап алу үшін де мамандардың өздері болғаны жақсы. Сондықтан да лабораторияға жұмысқа білікті мамандарды алып жатырмыз. Тәжірибиелі мамандардан біздің жергілікті кадрлар да үйреніп, біліктіліктерін арттырады деп сенемін. Онкологиялық аурумен ауыратын науқастарға өзіміздің облысымызда да көмек көрсетіп, емдеп, тексеру, аурудың алдын алу-біздің басты мақсатымыз. Сондықтан да жаңадан ашылатын гистологиялық лабораторияның алатын орны зор. Халықтың өлім-жітімі себептерінің арасында онкологиялық аурулар – екінші орында тұр. Егер обыр диагнозы ерте қойылса, соғұрлым емнің нәтижесі де, өмір сүрудің сапасы да жақсарады. Науқасқа дер кезінде көмек көрсеткенде ғана облыста онкологиялық аурудың көрсеткіші төмендейді,-деді Нұрлан Джариев.
Жалпы бүгінгі таңда облыс бойынша онкологиялық аурумен ауыратын 3319 (2015 жылы-3 283) адам есепке алынған. Оның ішінде қатерлі ісікпен Ақтау қаласы бойынша 1866 науқас және Жаңаөзен қаласында 499 адам тіркелген. Ең төменгі көрсеткіш Жетібай кентінде-81 адам.
Венера МИРЛАН