Арман жастар орталығы тағы бір тың жобамен толықты. Ай-ти кәсіпкер Тимур Бектұрдың бастамасымен бой көтерген «Timur Academy» оқу орталығы қыркүйек айының орта тұсында өз есігін айқара ашпақ. Жаңа жоба көп жылдық тәжірибе мен сан салалы сараптама жемісі десек қате айтпағандығымыз. Себебі тренингтер мен оқу жоспарын ұйымдастыру, тәлімгерлер тобын таңдау, уақытты тиімді басқару, білім бағдарламасын бекіту, қаржылық реттеу сынды жеке кәсіпті дөңгелету жолдарын жан-жақты игеру оңай іс емес. Игі бастамаға батыл қадам жасау уақыт талабынан туындаған дүние. Тимур Бектұр тың идеяны жүзеге асыруды 2008 жылдан бері жоспарлапты. «2008 жылдан бері тайм-менеджмент, әлеуметтік желілерді тиімді қолдану, блог-тұғырнамасын жүргізу, компьютерлік бағдарламалау бойынша шағын әрі тегін тренингтер өткізіп жүрдім. Тәлімгерлік тәжірибем толыспаған кез десем болады. Дегенмен әркез ізденімпаз, білімді, білікті, берері мол жастардың басын қосып, оқыту орталығын ашу ойымда жүрді», - дейді Ай-Ти маманы. Орталық жұмысын ұйымдастыру, дәрістер форматын таңдау, ғаламтор парақшасын ашу әрі ақпараттық материалдарды желіге жүктеу сынды қыруар қаржы мен есепсіз еңбекті талап ететін жобаны іс жүзіне қосуда әрине шетелдік тәжірибе үлгі бола алды. «Шетелдік ықпал болды. «Khan Academy» сынды халықаралық білім беру ұйымдарының жұмыс үлгісін басшылыққа алдым. «Timur Academy» атауы осыдан шықты», - дейді Тимур Бектұр. Уақыт өте білікті маман көзқарас көкжиегі кең, ойы үндес, талабы зор, таланты мол, жігерлі жас толқын өкілдерін кезіктіреді. Осылайша, «Timur Academy» онлайн-офлайн оқыту орталығының іргетасы қаланып, жастар үйінде кабинеті жасақталады. «Онлайн-офлайн тіркесі тренд сөздердің бірі. Көпшілік назарын бірден өзіне аударады. Офлайн бұл күнделікті өмір, онлайн – ғаламтор желісі. Яғни оқыту орталығында тәлімгерлер жетекшілігімен дәстүрлі тренингтермен қатар ғаламтор желісіне жүктелетін, кең көлемді аудиторияға бағытталған арнайы онлайн-дәрістер түсірілімі өтеді», - дейді білгір маман. Оқыту орталығында тренингтер қазақ және ағылшын тілінде жүргізіледі. Коуоркинг және тренинг орталығында жастардың қарым-қабілеті мен икемділігін арттыруға арналған уоркшоптар мен шеберлік кластары ұйымдастырлады. Зерек те зерделі, білгір де білімпаз, белсенді жастар басын біріктіретін үйірме-клубтар қызмет етеді. Сонымен қоса орталықта заман талабына сай жаңа ақпараттық құрал-жабдықтармен жасақталған видео студия жұмысы жолға қойылыпты. «Қазіргі таңда әлемде бейне-дәрісті дайындау екі форматта жүргізіледі. Бірі - тренинг барысын толық түсіріп, көрерменге ұсыну, өзгесі – арнайы дайындау. Біз видео студия мүмкіндіктерін толық пайдалана отырып, бейне монтаж жасау маманы көмегімен онлайн-дәрістерді студияда түсіреміз. Онлайн білім беру орталығының бейне-материалдарын осылайша дайындаймыз»,-дейді Т. Бектұр. Сонымен қоса видео-студияда онлайн-аудиторияға арналған бейне-сұхбаттар мен бейне-өнімдер түсірілімі өтеді. Бұның ең алдымен шалғайда жатқан ауыл жастарына тигізер пайдасы көл-көсір. Қазақ тіліндегі тренингтерді ғаламтор көмегімен тамашалау, өз таңдауына сай оқу курстары бойынша дәріс тыңдау жастардың білім-біліктілігін арттыруда маңызы зор. Мүжәлсіз отбасы мүшелері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға кез келген оқыту курсы тегін болмақ. Онлайн-офлайн оқыту орталығында робототехника, бизнесті модельдеу, интернет-маркетинг, контент маркетинг, биотехнология, тайм менеджмент, мультимедиа журналистикасы, әлеуметтік желілер мен жаңа медиа негіздері, проект менеджмент сынды бірнеше оқу курстары ұйымдастырылады. Қазіргі таңда білім беру ұйымында алты тәлімгер қызмет етеді. «Жанар Сейсеналиева инжинирг саласынан сабақ береді. Эмилия Мүбарак ағылшын тілі, жеке тұлғаның дамуы және адами ресурстарды басқару бойынша, Асхат Тайыров қаржылық сауаттылық, бухгалтерлік есеп жүргізу, мекеменің қаржылық қызметі бойынша дәріс беретін болады. Жанат Бөбекбаева IELTS халықаралық ағылшын тестіне дайындау бойынша онлайн-дәрістер жүргізеді. Ал Мадина Қарабаева жетекшілігімен ағылшын тілінен тренингтер өтетін болады. Өз басым компьютерлік бағдарламалау, ғаламтор-маркетинг, жаңа медиа саласынан сабақ беремін», - дейді орталық жетекшісі. Оқыту орталығы қызметінің тағы бір маңызды бағыты – Stanford, Harvard, MIT және т.б шетелдік әрі әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдіріп, талаптанған жастарды жан-жақты ақпарат көзімен қамтамасыз ету. «Жоғары оқу ордасында талапкерге қойылатын негізгі талаптар мен алғышарттар жайлы, сауатты академиялық хат жазу ережелері, шетелдік білім беру жүйесінің ерекшеліктері турасында нақты әрі дәйекті ақпаратты табу қиынға соғып жатады. Біздің орталық өз өкілдеріміз арқылы шетелдік оқу орындарымен тікелей байланыс орнатып, тұрақты түрдде қажетті ақпарат алуды жоспарлап отыр. Бұл білімпаз жастарға өте үлкен қолдау болмақ», - дейді Тимур Бектұр. Онлайн-офлайн оқыту орталығында оқу курсын тәмамдаған түлектерге арнайы сертификаттар табысталады. Шәкірттердің жас шамасына шектеу қойылмайды.
Голрох Жеменей